21 жыл бұрын адам өлтірген қылмыскер жазадан қалай құтылды?

01 наурыз, 19:07

Фото: nege.kz

21 жыл бұрын кісі өлтіріп, марұмның мәйітін өз ауласында жасырып келген қылмыскерді сот ақтап шықты. Жуырда Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты төрағасының міндетін атқаратын Кенжеғали Кенжебеков қылмысын толық мойындаған Есмағамбет Тілеужановты сот залынан босатқан болатын. Ал судьяның шешіміне наразылық танытып, апелляцияға шағымданған жәбірленуші тарап бұл қылмыстық іс бойынша көптеген адамдардың жауапқа тартылуы қажет екенін айтады.

Оқиға қалай болған?

Есмағамбет Тілеужановтың сөзіне қарағанда, 1998 жылдың қараша айында ол масаң күйде болған. Кешқұрым оның үйіне марқұм Кеңесхан Мадиханов (ауыл тұрғындары Советхан атап кеткен) пен  Бөкембай Бектаев келеді. Дастархан басындағы қызу әңгіме ары қарай жалғасады.  Біршама уақыттан кейін оңаша үйдегі отырысқа олардың  ортақ таныстары Сейфулла Сулейманов келіп қосылады. Осылайша төрт адам біразға дейін әңгіме соқса керек.

Соңында үй иесі мен марқұм арасында ерегес туып, арты жанжалға ұласады. Осы сәтте Тілеужановтың басына қасақана адам өлтіру туралы арам ой келіп, Мадихановты ас үйден жатын бөлмеге ертіп кетеді. Ал қалғандары дастархан басында қалған секілді. Кірген бойда оқтаулы тұрған 12-калибрлі аңшы мылтығын қолына алған Тілеужанов жаман ойдан хабарсыз жәбірленушінің басынан атып жібереді. Марқұм сол жерде жан тапсырған.

Бұдан кейін Тілеужанов ас үйге келеді де, С.Сулейманов пен Б.Бектаевқа «үйден шығыңдар» деген талап қояды. Қонақтарының кеткеніне көзі жеткен соң, марқұмның денесін ауласында орналасқан шаруашылық қоймасының қасына апарып көмеді. Тереңдігі жарты метр ғана жер қазып, адам мәйітін соған жасырады. Кейін сол жердің бетін тегістеп, бетондайды да, жазда шай ішетін орынға айналдырған. Міне, осылайша туыстары зар жылап 21 жыл бойы іздеген адамның дерегі 2019 жылы ғана белгілі болды.

Мәйітті қазып алу кезі

Қылмыс қалай ашылды?  

Жәбірленушінің жоғалғаны туралы дерек Мойынқұм аудандық полиция бөлімінің ақпараттарды тіркеу кітапшасында қатталған. Онда марқұмның 1998 жылдың 23 қарашасында жоғалғаны жазылыпты. Осыған байланысты 2000 жылдың ақпан айында адам жоғалу дерегі бойынша, №751 санды іздестіру ісі қозғалған. Бір таңданарлығы, бір жылдан кейін, яғни, 2001 жылы көтерілген іс «мәйіттің табылуына байланысты тоқтатылған». Ал бұдан марқұмның туыстары мүлде хабарсыз болған.  Өйткені мәйіт табылмаған. Ал істі жалған дерек бойынша жауып тастау кімге керек болғаны марқұмның туыстарына әлі күнге дейін белгісіз.

Қылмыстың ашылуына басты себепкер  – жәбірленуші тарап. Ел ішіндегі әңгіме жата ма, марқұмның кімдермен бірге болғанын білгеннен кейін, олар полицияға тағы шағымданады. Бірақ күмән тудырғандар бет бақтырмайды, полиция дәрменсіздік танытады. Осыдан кейін марқұмның туыстары Жамбыл облыстық прокуратурасына шағымданып, соңында адам жоғалу ісі бойынша көтерілген бап кісі өлтіру бабына ауыстырылады. Міне, осыдан кейін ғана полиция қатаң шараларды қолға алып, қылмыстың бетін ашады.

Осы тұста атын атамауды өтінген полиция қызметкерінің Nege.kz тілшісіне  айтқан мына әңгімесін де келтіре кетейік: Тілеужанов көпке дейін қылмысын мойындамай, полицейлерді әуре-сарсаңға салған. Бұрын құқық қорғау саласында істеген күдіктінің білмейтіні жердің астында. Ол тіпті бірде «Иә, мен өлтірдім. Бірақ мәйттің аяғына тас байлап, Шуға ағызып жібергенмін. Денесін тауып алыңдар да, мені қамай беріңдер» деп қитыққан көрінеді. Мәйіт табылмаған жағдайда, қылмыс дәлелденбеді деп есептелетіні белгілі. Дегенмен облыстың ең білікті деген тергеушілері бәрібір күдіктінің көкейінде бұғып жатқан құпияны аша білді. Бірақ қалай ашқандарын, Тілеужановтың қалай тәубесіне келгенін олар құпия сақтайды. 

Судья Кенжеғали Кенжебеков

Дау тудырған сот шешімі

Сотта куә ретінде сұралған Сейфулла Сулеймановтың сөзін тыңдасақ, қылмыскер өз әрекетін жасыру үшін ештеңеден тайынбағанын байқаймыз.  Тілеужанов үйінен қуып жіберердің алдында Сулейманов үйден мылтық дауысын естіген. Әрі үйден шығып бара жатқанда, өлі-тірісі белгісіз құлап жатқан Мадихановтың аяғын байқап қалған. Мастығынан айығып, ертесі күні оқиға болған үйде қалып кеткен киімін алуға келгенде Тілеужановтан «Советхан қайда? Оны не істедің?» деп сұрайды. Ол: «Болды, өлтіріп,  мәйітті құдыққа тастадым, ешкімге тіс жарма!» деп ескертеді. Ал 1999 жылы бұл оқиғаны полицияға мәлімдейтінін айтса керек. Қатігез Тілеужанов осы сөзі үшін Сулеймановты аяусыз соққыға жыққан. Бірақ артынан кешірім сұрап, дәрі-дәрмек әкеліп берген.

Осындай дәйектерге қарамастан, сот қылмыскерді бостандыққа жіберді. Судья Кенжеғали Кенжебековтің шығарған үкімінде былай делінген: Есмагамбет Турарович Тилеужанов (16.07.1997 жылғы редакциядағы) Қазақстан Республикасы ҚК-нің 96-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, ол (16.07.1997 жылғы редакциядағы) ҚР ҚК-нің 69-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық жауаптылыққа тартуға ескіру мерзімінің өтуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылсын.

Талапкер тараптың уәжі

Тілшіміз жәбірленуші тараппен де тілдесіп көрген еді. Марқұмның бауыры Қасымхан Шүңіреков былай деді: Біз сот шешіміне 100 пайыз қарсымыз. Себебі қылмыскер өз пікірін бірнеше мәрте өзгертті. С.Сулейманов пен Б.Бектаев куәгер ретінде ғана сұралды. Бастапқыда біз осы екеуінен күдіктенгенбіз. Тілеужанов кісі өлтіреді деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген. Біреуі өлтірді ме, үшеуі өлтірді ме, бұл жағы әлі нақты емес. С.Сулейманов пен Б.Бектаев қылмысқа тікелей қатыспағанның өзінде қылмысты жасырғаны үшін жауапқа тартылуы керек еді. Ал сот олар түгілі Тілеужановтің өзін босатып жіберді.

Бұл жерде ерекше атап өтерлік тағы бір мәселе бар. 2001 жылы «мәйіттің табылуына байланысты» іс тоқтап қалған. Мұны істеген кім? Оған қол қойған қай басшы? Міне, осы анықталуы керек еді. Бұл – істі жауып тастауға әлдебіреулер мүдделі болғанын білдіреді. Әрі полицияның заңсыз әрекетке барғанына дәлел. Егер іс жабылмағанда, қылмыс ілгеріде ашылуы әбден мүмкін еді. Ендеше, бұған неге ешкім жауап бермеуі керек?

Тілеужановтың ұлы қазір Мойынқұмда полицияда жұмыс істейді. Ол қылмыс кезінде 2 жаста болған. Қанды оқиғаны қылмыскерден басқа ешкім білмеді дегеннің өзі өтірік. Тіпті дәл осы бала да білген. Себебі оқиғадан Тілеужановтың әйелі хабардар болса керек. Екеуі ұрысқанда,  «қылмысыңды айтамын» деп күйеуіне жиі-жиі сес көрсеткен. Ал бала соны естіп өскен.

Егер егжей-тегжейлі тексерілетін болса, жауапкер саны өсуі мүмкін. Сот шешіміне наразылық білдіріп, апелляцияға шағымдандық. Ағамның өліміне кінәлілер мен қылмыстық істі көпе-көрнеу жауып тастауға тырысқандар жазасын алмайынша, күресеміз.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации