Тынышпаев атындағы академияның НЕГЕ тынышы кетті?

08 қазан, 17:38

Фото: kapital.kz

Білім және ғылым министрлігі саны бар, сапасы жоқ оқу орындарын тазалауға кіріскеніне біраз болды. Бұған дейін талайын  лицензиясынан айырған. Оларға келгенде «өздеріне сол керек...» дегенбіз іштей. Себебі, оңтүстік өңірдің Жетісай, Сарыағаш, т.б. шағын қалаларынан анау-мынау емес, дардай университет, академия ашып, студенттерді оқуға қабылдап жатқанын естігенбіз.

Академия жабыла ма?

Сол тізімге 90 жылдық тарихы бар, теміржол саласына негізгі мамандарды дайындайтын бірден-бір оқу орны М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясы іліккенде «апыр-ай» дестік. Тынышпаев атындағы академияның неге тынышы кетті? ҚР БҒМ-нің Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің мұндай шешім шығаруына не түрткі болды?

Комитет таратқан мәлімдемеде былай дейді:

«Бұл шешім 10 жұмыс күні өткен соң заңды күшіне енеді. Себебі, жыл бойы Академияда жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, өрескел заң бұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда, оқу процесі профессорлық-оқытушылық құраммен, өндірістік практика базаларымен, оқу, оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиеттермен қамтамасыз етілмеген. Білім беру бағдарламалары жұмыс берушілердің сұранысына толық сәйкес келмеген. Салдарынан түлектер жұмысқа орналаса алмай қиындыққа  тап болған».

Одан бөлек, оқу орнын лицензиядан айыруға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізген рейтинг себеп болған. Мұның нәтижесінде Академияның білім беру бағдарламасының шамамен 60 пайызы жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келмейді. Екіншіден, Білім және ғылым министрлігіне осы университетте қағаз жүзінде ғана оқыған шетелдік студенттер шағымданған. Олар оқудың ақысын уақытылы төлесе де, шын мәнінде Академияда оқымаған болып шыққан.

БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенованың айтуынша, білім алушылар сол қаладағы басқа жоғары оқу орындарына грантын сақтай отырып, ауыса алады, сондай-ақ ақылы негізде оқығандар үшін де оқу құны артпайды. «Ауысу үшін оларға семестрдің аяқталуын күтудің қажеті жоқ, қазірден бастап басқа ЖОО-ға ауысуға рұқсат берілген», – деді.

Алайда, кеше Академия басшылығы баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, министрліктің шешімімен келіспейтінін жеткізді. Тіпті, ҚР БҒМ-нің Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетін сотқа беретінін айтты. Себебі, оқу орны басшылығының сөзіне қарағанда, министрлік оқу процесін ұйымдастыруға қойылған талаптарды уақытынан кешігіп берген.

«Біз жоспарлы және жоспардан тыс тексеру барысында анықталған кемшіліктерді биыл ақпан айында жойдық. Бұл фактіні БҒМ комиссиясы растады. Барлық көрсеткіш талапқа толық сәйкес келеді. Оған бірталай рейтингте көш бастап тұрғанымыз дәлел. Қазіргі кезде ҚазККА мен практика базалары кәсіпорындары арасында 300-ден астам шарт жасалған. Олардың ішінде «Қазақстан темір жолы» ҰК, «Транстелеком» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Алатау жарық компаниясы» АҚ, т.б ірі мекемелер бар. Өткен оқу жылында 1189 түлек бітірсе, оның 71 пайызы жұмысқа орналастырылды. Еңбек нарығында біздің мамандарға сұраныс жоғары», – деді М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының проректоры Андрей Иванов. Сондай-ақ, академияның оқу-әдістемелік әдебиетпен 100 пайыз қамтамасыз етілгенін, қорда миллионға жуық кітап, 5 мыңнан астам электронды кітап барын айтты.

ҚазККА ректорының міндетін атқарушы Ажар Беисованың айтуынша, оқу орнында профессорлық оқытушылық құрам саны – 266. «Оның ішінде ғылым докторлары – 20, ғылым кандидаттары – 113, PhD докторлары – 15. Бұдан бөлек аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі (АРТА) жүргізген жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингі бойынша ҚазККА 13-ші орында тұр» деді ол.

Айтпақшы, баспасөз мәслихаты барысында «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев тікелей эфирге шығып, оқу орнын лицензиядан айыру үшін рейтингті желеу етудің еш қажеті жоқ екенін айтты. «Лицензияны тек рейтинг мәлімет негізінде алып тасталуға болмайды. Оқу орны рейтингке 14 мамандық бойынша түсті. Оның алтауы жұмыс берушінің талабына сай келсе, жетеуі оқу бағдарламасын толықтыруды қажет етеді, тек біреуі ғана талапқа сай емес. Ал түлектердің жұмысқа орналасу мәселесіне келсек, бір ғана Көлік техникасы және құрылыс мамандығының 90 пайыз түлегі диплом бойынша қызмет етуде», – деді ол.

«Үшінші күш» кім?

Сонда палата неге екі түрлі қорытынды шығарған? Кілтипан неде? Оқу орны басшылығы академияда оқымаған студенттердің орнына шетелдік студенттердің ақы төлеп оқығаны туралы ақпарат та шындыққа сәйкес емес дейді.

«Бұл дәлелмен келіспейміз, себебі оқу орны басшылығы мен қызметкерлері шетелдік студенттерге ақшаны қайтаруға байланысты мәселені шешу үшін дер кезінде шара қабылдады. Демек, біз министрлік айтқан кемшіліктерді ретке келтірдік. Сондықтан министрлік айтқан шағымда ешқандай негіз жоқ. Бәлкім, комитет шешімінің артында үшінші күштер тұрған шығар?», – деді ҚазККА ректорының міндетін атқарушы Ажар Беисова.

Алайда, «үшінші күштің» кім екенін басшылықтың өзі білмейді. «Бізде тек болжам ғана, бірақ біз солай ойлаймыз» деп қысқа қайырса да, журналистер қандай да бір жауап алуға тырысты. Басшылық мұны Академияның Өзбекстандағы өкілдері К.Садырбаева мен М.Үрімбетовадан көреді екен. Айтуынша, алаяқтық сипаттағы әрекет жасаған олармен құқық қорғау органдары айналысып жатқан көрінеді.

Nege.kz тілшісі оқу орнының Өзбекстандағы өкілі Клара Садырбаеваға хабарласты.

«Бұл оқу орнында мүлдем сабақ өтпейді»

«Менде барлық құжат бар. Керек болса, факт алып барайын. Мәселе мынада. Бұл оқу орнында мүлдем сабақ өтпейді. 2017 жылы оқуға түскен 2 мың студенттің ақшасын алып, дипломын бермеді. Олар қашықтан оқуы тиіс болатын. Алайда, ештеңе де оқытқан жоқ. Тағы бір мәселе – Қазақстан 2019 жылдан сырттай оқу бөлімін жапты.

Бірақ ҚазККА өкілдері Өзбекстанға барып: «Бізде сырттай оқу жүйесі бар» деп алдап, кеңес бергені үшін әр адамнан 20 мың теңге жинап алған. Ол ол ма, сырттай оқитын студенттерге арнап заңсыз кітап шығарып, оны ректордың міндетін атқарушы Ажар Беисованың рұқсатымен 20 мың теңгеден сатқан.

Осыдан кейін Өзбекстандағы студенттер министрлікке шағым түсірді. Бұл оқу орнының көздегені – тек ақша. Үш жыл қатарынан Өзбекстаннан бала әкелдім. Жалпы, келісім-шарт бойынша былтыр 60 мың баланың оқуына мүмкіндік жасадық. Алайда, басқа оқу орындарындағы студенттер оқып жатыр. Тек ҚазККА ғана осындай. Екі мың студентті сессияға жібермей, қосымша тағы ақша төлеуге мәжбүр етті. Сол жақтан бір кассирді жалдап, «Сені оқу орнына 2 курстан грантқа қабылдаймыз» деп ақша салдыртып тұрған. Оны оқу орнының есебіне аудармай, өздері алған. Мұндай қитұрқы әрекеттері көп.

Осы бойынша сұрау салдым. Қазір мені оқу орны табалдырығынан аттатпайды. Оқу орнының 3 жыл бойы қаржы жөніндегі проректоры болған Анатолий Малыгин біздің сөзімізді сөйлеп еді, оны да қызметтен босатты. Қысқасы, шындықтың жағында болған бірталай маманды шығарып жіберді», – дейді Клара Садырбаев.

Жасыратыны жоқ, соңғы кезде Академия тарапына айтылатын сын аз емес. Таяқтың бір ұшы жемқорлыққа келіп тіреледі. Бәлкім, оқу орнын лицензиясынан айыруға әкелген фактор осы шығар, кім білсін? Бұл тұрғыда қойған сауалымызға ҚазККА проректоры А.Иванов: «ҚазККА жемқорлыққа қарсы күресті қатаң қолға алған. Бізде пара алу туралы дерек тіркелген жоқ. Бәрі ашық», – деп жауап қатты. Тіпті, оқу орны басшылығы мәселенің ойдағыдай шешілетініне сенімді.

«Комитеттің шешіміне шағымдануға мүмкіндігіміз бар. Біз өз құқымызды пайдаланамыз. Сотта басқа шешім шығатынына сенімдіміз. Сондықтан оқу орнын бас лицензиясынан айыру туралы шешім заңды күшіне енеді деп айтуға әлі ерте. Біздің жанайқайымызды Президент, Білім және ғылым министрлігі естиді деп сенемін. Біз соңғы үміт қалғанша күресеміз. Сондықтан студенттерімізді ешқайда бермейміз», – деді ҚазККА ректорының міндетін атқарушы Ажар Беисова.  

Сонымен, 90 жылдық тарихы бар оқу орны лицензиясынан айырыла ма, жоқ па? 6 мың студенті мен 5 колледжінің жағдайы не болмақ? Қалай десек те, теміржол саласына бірден-бір маман дайындап келген оқу орнының осындай дауға қалуы бекер емес.

Рахман Алшанов, ЖОО қауымдастығының президенті:

Соңғы жылдары ректоры 5 рет ауысты

– Бұл – бұрыннан келе жатқан оқу орны. Ташкент университетінің филиалы болды. Естігенде, төбеден жай түскендей есеңгіреп қалдық. Өкінішке қарай, Қазақ көлік және коммуникация академиясына қатысты түскен шағымдар толастаған емес. Оқытушылар құрамы әлсіз дейді. Соңғы жылдары сапасы да, көрсеткіші де күрт төмендеп кетіпті.  Университет басшылығы оқу орнын осы жағдайға жеткізді. Кезінде дәл осы жоғары оқу орны теміржол саласын сапалы кадрлармен қамтамасыз еткен болатын. Өкініштісі сол, қазір бұл білім ордасында болашақ мамандарды тиісті деңгейде даярлау бойынша түйткілді мәселе жетерлік.

Теміржол – маңызды сала. Бұл салаға мамандар керек. Тіпті болмаса, Алматыда екі университет бар, соларға қосуға болады. Тағы бір айта кетерлігі, соңғы жылдары ректоры 5 рет ауысты. Әр басшы ауысқан сайын жаңа талап, жаңа көзқарас пайда болады. Оқу орнын басқару оңай деп ойласа керек. Осы жайттар жағдайды одан әрі қиындатып жіберген. Бұдан басқа да олқылықтары бар. Қазір оқу орны басшылығы министрліктің шешіммен келіспейтінін айтып, сотқа бермекші. Әрине, дәлелдей алса, шағымдануға қақы бар. 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации