Шекарадан жік шықты: Депутаттар бұдан НЕГЕ хабарсыз?

19 сәуір, 14:21

Фото: nege.kz

Атырау облысында Ресеймен арада жер дауы бұрқ етті. Бұл дау – халықаралық деңгейде шешілуі тиіс шекара мәселесі.

Демалыс күндері әскерилер келіп, шекараны белгілейтін бағана орнатып, сым тарта бастаған.  Атырау облысы Көптоғай ауылының тұрғындарының айтуынша, шекара бекеті осы кезге дейін өзеннен 3 шақырым жерде тұрған.

Енді жергілікті халық малы су ішіп отырған шағын өзеннен айырылуы мүмкін. Бұл халықтың наразылығын тудырды.

«Ықылым заманнан бізге тиесілі жер Ресейге өтіп кеткен. Бұл қалай?» деген сұрақ елді қатты ашуландырып отыр. Атыраулықтар жиналып, шекараны бекітіп жатқан солдаттардың жұмысына кедергі жасауға ұмтылды.

Ұлттық қауіпсіздік қызметі бұл дау туралы қандай да бір ақпарат беруден бас тартып отыр. Тілшіміз ҰҚК-нің баспасөз қызметіне хабарласқан.

«Бұл туралы ештеңе айта алмаймыз. Баспасөз хабарламасын дайындап жатырмыз. Бүгін, ертең БАҚ-тарға арнайы таратамыз», – деген мардымсыз  ақпаратпен шектелді.  

Десе де, мұның алдында құзырлы орган «бұл шара шекараны делимитациялау емес, «оқу-жаттығу» деп атаған болатын. Кейбір деректерге сенсек, Көптоғай тұрғындары шекара бағандарын тұрғызу жұмыстарын тоқтатуға қол жеткізген көрінеді.

Бір қызығы, бұл туралы заң шығарушы биліктің еш хабары жоқ болып шықты.

Г.Шиповских

Бұл туралы ешқандай хабарым жоқ. Не болып жатқаны беймәлім маған. Алдағы уақытта Сыртқы істер министрлігі мән-жайды ҰҚК-дан анықтап, нақты бағасын береді деп ойлаймын. Түрлі бейнежазбалар келіп жатыр. Бірақ оған қарап, қай жер Ресейдікі, қай жер Қазақстандыкі екенін анық айта алмаймыз. Ертеңгі күні басқаша болып шығуы да мүмкін, – дейді депутат Геннадий Шиповских.

Депутат Ерлан Сайыров шекараның 2005 жылы белгіленгенін, қазір заңдастырылып жатқанын айтады. Оның пікірінше, ол кезде бұл мәселеге баса назар аударылмаған. Президенттер шекараны бекіттік деп келісімге келеді. Бірақ нақты шекараға келгенде, мән-жайды жергілікті билік, комиссия қарауы тиіс. Сол кезде су мәселесі шешілмеген. Сондықтан бұл мәселе бүгін көтеріліп отыр. Депутат Ресеймен келісе отырып, мәселені оң шешімін табуы керек деп есептейді.

Е.Сайыров

Шекараны бекіту Қазақстанның ұлттық мүддесіне сай келеді. Бүгінгі таңда, өте күрделі геосаяси жағдайда әр мемлекет өз шакарасын бекітіп алуы тиіс. Қазақстанның көрші елдермен ешқандай проблемасы жоқ. Бірақ делимитация жасаған кезде шекаралық аймақтарда қандастардың мал жайылымына, суға қолжетімділігіне қатысты Қазақстан тарапы жұмыс істеуі қажет. Менің ойымша, елдімекендерге сараптама жасап, мал бағуына ыңғайлылығы, су көздеріне қолжетімділігі бір сарапталып шығуы тиіс. Сондықтан делимитация жасаған кезде жергілікті халықтың мүддесі жан-жақты қарастырылуы қажет, – дейді Ерлан Сайыров.

Кейбір қоғам қайраткерлерінің пікірінше, бұл дау халықтан жасырын жүргізілетін саясаттың салдарынан туып отыр.

Е.Бапи

Қазақстандағы үлкен саясатта астыртын, жасырын келімдер көп. Соның кесірінен туған дау-дамай бұл. Шекараны делимитация ашық түрде жүрсе, бәлкім, кикілжің, толқу тумас еді. Мұндай жағдай тек Батыста ғана емес, Шығыста да бар. Көрші елдерге Достық, Зайсан, Тарбағатай өңірінде біраз жер кетті. Табиғаты сұлу жерлер Қытайға қарады. Қандай келісімшарт арқылы кеткенін де білмейміз, – дейді журналист Ермұрат Бапи.

Мәселенің мән-жайын ҰҚК таратып айтпаса, жағдай ушығып кетуі мүмкін.

#шакара #делимитация #ресей #қазақстан
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации