Миллиардтардың буы. Модульді ауруханалар құрылысынан қанша қаржы ұрланды?

03 наурыз, 15:04

Фото: nege.kz

Өткен жылдың тамызында «Қазақстан бойынша 13 модульді аурухана салынады» деген хабар тарағанда талай құрылысшының құлағы көтерілгені анық. Бірақ солардың бәрін бір ғана BI Group «ауызға ұрып» кетті.

Жуырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматыда салынған модульді аурухананың құрылысына қатысты тексеру басталғанын мәлімдеді. Іле-шала Шымкенттен де дәл осындай ақпар жетті. Себеп біреу – «инфекциялық ауруханалар салуда қыруар қаржы ұрланған болуы мүмкін».

Қаржы полициясының қарқынына қарағанда, тексеру осы үш қаламен тоқтамайтын секілді. Алайда қозғалған іс болғанымен, күдікті жоқ.

Қаңтардың соңында Алматы қаласының прокуратурасы бұл іске байланысты әзірге күдіктілер жоқ екенін, басқа деректердің тергеу құпиясына сай жариялауға жатпайтынын айтқан.

Антикор не дейді?

Шымкенттегі ауруханаға байланысты жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесінде екі іс қозғалған. Әзірге нақты қанша сома ұрланғаны тағы айтылмады. Бір қызығы, Шымкентте де әзірге күдікті табылмапты.

А.Шпекбаев. Фото: tengrinews.kz

Біз мұны өздерінен білмек болып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Алик Шпекбаевтың және BI Group холдингі директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаевтың атына ресми сауал жолдағанбыз.

Шпекбаевтың бірінші орынбасары Олжас Бектеновтен мынадай жауап келді: «Сіздің республика бойынша салынған модульдік ауруханалардың құрылысына қатысты ақпарат беру туралы сауалыңыз қаралды.

Бұл мәселе туралы ақпарат ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің а.ж. 29 қаңтарда өткен Алқа отырысы аясындағы баспасөз конференциясында берілді.

Басқа ақпарат ҚР Қылмыстық-процесуалдық кодексінің 201-бабының 1-тармағына сәйкес жарияланбайды».

Ал агенттіктің алқа отырысында «іс қозғалғаны» мен «күдікті әлі табылмағанынан» басқа дерек айтылған жоқ.

BI Group: Пайда таппадық

Айдын Рахымбаевқа жолданған сауалдардың рәуіші бөлектеу еді. Ауруханалар құрылысы бойынша BI Group ұтып алған тендерлердің жалпы сомасын компания қожасының өз аузынан естігіміз келген. Алайда бұл сұрағымыз жауапсыз қалды.

А.Рахымбаев

Тексеріліп жатқан ауруханаларға қатысты сұраққа холдингтің баспасөз қызметінің жауабы мынадай болды: «Нұр-Сұлтан, Алматы, және Шымкент қалаларындағы ауруханалар бойынша компания құқыққа қарсы әрекеттерге қатыспағанын және объектілерді салу барысында қаржылық пайда таппағанын жауапкершілікпен мәлімдейді. Ұрлау және ұстау фактілері бойынша холдинг қызметкерлеріне қатысты таратылған ақпарат шындыққа жанаспайды. Deloitte халықаралық аудиторлық компаниясы Нұр-Сұлтан мен Алматыда жұқпалы аурулар ауруханаларын салу бойынша шығындардың негізділігін растады. 28.01.2021 жылғы тәуелсіз қаржылық-техникалық талдауға сәйкес BI Group шығындары жобаларды іске асыру мақсаттарына сәйкес келеді».

Шығындардың жобаға қаншалықты сәйкес келетінін компанияның өзінен бөлек, құзырлы органдар да растауы керек еді. Бірақ олар әзірге үнсіз.

Қанша миллиард?

Кейбір дерек көздері 13 аурухана келісім шартының жалпы құны 78 млрд 136 млн теңге болғанын, ауруханаларды BI Group-тың еншілес компаниялары «KAZPACO» ЖШС мен «BI-Industrial» ЖШС салатынын жазды.

Президент Нұр-Сұлтандағы жаңа ауруханада. Фото: akorda.kz

Бұған өзіміз көз жеткізбек болып, аурухана салынған барлық облыстардың әкімдері атына ресми сауал жолдадық. Электронды үкімет порталы арқылы жолданған сауалдарға жауап іркес-тіркес келді.

Сонымен, қай өңірге қанша миллиардтық аурухана салынды? Алдымен құрылысына 7 млрд теңгенің үстінде қаржы бөлінген өңірлерге тоқталайық.

Ең көп қаражат Алматы облысында салынған ауруханаға жұмсалған – 7 млрд 510 млн теңге. Аурухана құрылысына қатысты облыс әкімі Амандық Баталовтың атына жолдаған ресми сауалымызға әкімнің орынбасары Б.Байжұманов жауап берді.

«200 орындық модульді жұқпалы аурулар ауруханасының жобалық сметалық құжаттамасы 7 млрд 510 млн теңгені құрайды. 2020 жылғы 12 тамызда «Алматы облысының құрылыс басқармасы» ММ және «KAZPACO» ЖШС арасында аурухананы сатып алу бойынша «бір көзден алу» тәсілімен тауарларды мемлекеттік сатып алу туралы шарт және 2020 жылғы 6 тамыздағы №20-3/ Мемлекеттік сатып алу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның сырттай отырысының хаттамасы негізінде 7 510 000,00 мың теңгеге сатып алу жүзеге асырылды. Бұл сатып алу бойынша балама ұсыныстар болған жоқ.

Талдықорғандағы аурухана

Құрылысқа қаржы республикалық бюджеттен – 747 млн теңге, жергілікті бюджеттен – 6 млрд 763 млн теңге бөлінді», – дейді әкімнің орынбасары өз жауабында.

Бұдан әрі «7 миллиардтық жобалар» тізімі былай түзіледі: Павлодар облысы – 7 млрд 382 млн. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша – 3 млрд 530 млн теңге, жергілікті бюджеттен – 1 млрд 788 млн теңге.

Түркістан облысы – 7 млрд 351,1 млн теңге. Облыстық бюджеттен – 1 млрд 613,1 млн, Қазақстан Республикасы резервінен – 2 млрд, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында – 3 млрд 738 млн. Сондай-ақ, «ағымдағы жылы нысан құрылысын толық аяқтау үшін» облыстық бюджеттен тағы 386,9 млн теңге тағы қаралып отыр.

Қарағанды облысы – 7 млрд 250 млн теңге. Жол картасы бағдарламасы бойынша – 7 млрд 222 млн 306 мың, облыстық бюджеттен – 27 млн 694 мың теңге.

Батыс Қазақстан облысының әкімдігі әлдебір «құпияға» сүйеніп, аурухана құрылысына қанша қаржы жұмсалғанын жазбапты. Әкімдіктің ойынша, «бұл «KAZPACO» ЖШС-ның коммерциялық мүдделеріне тікелей әсер ететін ақпарат-мыс».

Ашық дерек көздерінен анықтағанымыздай, жаңа ауруханаға 7 млрд 200 млн теңге жұмсалған. Мұның қаншасы жергілікті, қаншасы республикалық бюджеттен бөлінгені белгісіз. Әкім өз қалтасынан бермегені анық енді.

Ақмола облысы – 7 млрд 185 млн теңге. Ақмола облысының әкімдігі де қанша қаржы қай «қалтадан» алынғанын айтпай-ақ қоюды жөн санапты.

Көкшетаудағы «ақылды» аурухана

Солтүстік Қазақстан – 7 млрд 04 млн теңге. Республикалық бюджеттен – 2 млрд 29 млн, жергілікті бюджеттен – 4 млрд 75 млн теңге.

Қостанай облысының әкімдігі де аурухана құрылысына жұмсалған қаржыны және қай саладан қанша ақша алғанын құпиялап қойғысы келгендей. Біз мұны да ашық ақпарат көздерінен «әшкереледік». Құрылысқа 6 млрд 400 млн жұмсалған.

Қызылорда облысы – 6 млрд 370 млн теңге. Құрылысқа қаржы Республикалық бюджеттен бөлінген.

«Еншісі» мол еншілестер

Атырау және Маңғыстау облыстарында модульді ауруханалар «NCOC» компаниясының қаржысына салынған. Атыраудағы аурухананың құны 7 млрд 100 млн теңге екенін тағы ашық ақпарат көздерінен білдік. Маңғыстаудағысы белгісіз, осы сома шамасында болуы мүмкін. Екі облыста да «NCOC» құрылыс жүргізуге тендер өткізіп, «BI-Industrial» ЖШС-ны таңдаған.

Ақтаудағы аурухананы облыс әкімі С.Трұмовтың өзі ашты

Жамбыл облысының әкімдігі жаңадан аурухана салудан бас тартты. Себеп – жергілікті бюджетте қаржы жоқ. Есесіне, екі ғимарат қайта жөнделіп, ауруханаға ыңғайланған. Шығыс Қазақстанда да жағдай осындай. Бұрынғы жедел медициналық көмек көрсететін аурухана қайта жабдықталған. Ақтөбе облысында да аурухана салынбаған. Ақтөбеліктер де қолда барды қанағат тұтуды жөн санапты.

Салынған ауруханалардың бәрін «BI Group» немесе оның еншілес компаниялары салған. Және мемлекеттік тапсырыстың бәрі «бір көзден алу» тәсілімен жүргізілген.

«Өзге балама болмағандықтан» немесе «тәжірибесінің көптігінен» тапсырыстардың түгелге жуығы «KAZPACO» ЖШС-ға берілген. Маңғыстау мен Атырау облыстарында да «жіліктің майлы басы» «BI Group»-тың тағы бір еншілесі «BI-Industrial» ЖШС-ға тигенін жоғарыда айттық.

Біздің есебімізше, Қазақстан бойынша салынған барлық ауруханалардың жалпы құны 80 млрд теңгенің үстінде. BI Group басшылығы «қаржыдан шашау шығармадық» дейді. Ал Антикор әзірге күдіктіні «шымылдықтың ар жағында» ұстап отыр.  

Медициналық құрал-жабдықтың бағасы қымбат екені белгілі. Дегенмен де 200 адамдық ауруханаға орташа есеппен 7 млрд теңге жұмсау тым көп емес пе?

Күдік-күмәнді сейілту үшін Nege.kz осы тақырыпты індете зерттеуді жалғастырады.

#пандемия #антикор #шпекбаев #нұрдәулетов #рахымбаев
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации