Көмейі кең Wildberries. Бакальчукті қалай байытып жатқаныңызды білесіз бе?

30 сәуір, 18:11

Фото: nege.kz

«Қазақстанда пайда тауып жатса да, салықты Ресейге төлейді» деген Wildberries компаниясын зерттеп көрген тілшіміз біраз жайтқа қанықты. Біз компанияның иесі – миллиардер Татьяна Бакальчукті байытып жатыр екенбіз. Байытқанда да, аузынан ақ май ағызып отырмыз...

Әлеуметтік желілерде қазақстандық әлдебір автордың жазбасы жария болды. Мұны кейбір сайттар көшіріп алып, өз мақаласы ретінде жариялап жатыр.

Автор Aliexpress арқылы әлдебір тауарға тапсырыс бергенін, тауар жеткізіп берумен айналысатын бұл компания ресейлік Wildberries компаниясымен үлесін бөлісетінін айтады. Және Wildberries есепті Қазақстанның теңгесімен емес, Ресейдің рублімен жасайды екен.

«Жуырда тауарға тапсырыс бердім. Тауарды үйге тез әкеліп берді. Жүйенің жақсы жұмыс істейтіні көрініп тұр. Бірақ мен өте мұқият адаммын, интернет-алаңның тәртібін зерттеп көргенде, талай нәрсеге көзім жетті», – деп жазады автор.

Қысқасы, компания тауарға 20% қосымша құн салығын (ҚҚС) қосады екен. Бұл қайдан шыққан пайыздар? Қазақстанда ҚҚС 12% емес пе? Сонда біз Ресейдің 20 % ҚҚС-ын төлейміз бе? Автордың жазуына қарағанда, солай екен.

Ресейлік Wildberries Қазақстанда «Вайлдберриз» ЖШС арқылы жұмыс істейді екен. Мемлекеттік кіріс комитетінің дерегіне қарағанда, әлгі ЖШС өткен жылы Қазақстанның бюджетіне 5 млд теңге салық төлепті. Алайда биыл салықтың көлемі күрт төмендеген. Биылғы жылдың 4 айында бар-жоғы 52 млн теңге салық төлепті. Қалғаны қайда?

«2020 жылы ҚҚС Қазақстанның пайдасына төленсе, 2021 жылы пайда Ресейге ауған. Өйткені бұл жерде ресейлік 20% ҚҚС рөл ойнап тұр. Яғни пандемиядан зардап шеккен біздің тұтынушылар тауарға 8% қосымша құн төлейді. Егер әр түрлі бірнеше тауар алсаңыз, бұл – әжептәуір сома. Бұдан бөлек, Қазақстанның бюджеті орасан зор шығын шегіп жатыр», – дейді жазбаның иесі.

Wildberries компаниясының сайтына үңіліп көрген тілшіміз төмендегідей деректер тапты:

Сайтта 80 мыңнан астам брендтер бар. Күніне 1,5 млн-нан астам тапсырыс беріледі. Сайтқа тәулігіне 11,5 млн-нан астам адам кіреді. Қоймадағы тауарлардың саны 140 млн-нан астам.

Ресейдің ТОП-100 интернет-дүкендерінің ішінде – 1-орын, Рунет-2020 ең басты 10 саудагерінің ішінде – 1-орын, әйелдердің карьерасындағы 25 үздік компания ішінде – 9-орын, 2019 жылғы Ресейдің ТОП-200 ірі жеке компаниялары ішінде – 40-орын, тағысын-тағылар.

Компанияның географиясы да кең екен. Ресейді айтпағанда, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Армения, Польша, Словакия, және Украинаны «құшағына қысып», тұншықтырып алыпты.

Wildberrie-тің иесі Татьяна Бакальчук – Ресейдің ең бай әйелі. Бір жылда байлығын 13 млрд теңгеге жеткізген. Әрине, «құшағына қысқан» елдердегі тұтынушылары қосымша құн салығын өз еліне емес, Ресейге төлеп отырса, ресейлік Бакальчук байымағанда кім байиды? Егер Бакальчуктің Wildberries компаниясы арқылы осы уақытқа дейін ең болмаса бір рет тапсырыс берген болсаңыз, онда оның миллиардттарында сіздің де үлесіңіз бар деген сөз.

Бакальчуктікі – әйгілі ертегідегі бауырсақтың кері: «Апамнан да құтылдым, атамнан да құтылдым...». Қазақстанның құзырлы органдары НЕГЕ үнсіз? Мұны анықтамаққа Nege.kz порталы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің басшысы Марат Сұлтанғазиевтің атына ресми сауал жолдайды.

P.S. ҚҚС-тің қанша екеніне көз жеткізу үшін тілшіміз Wildberries компаниясының сайтына тіркеліп, тауарға тапсырыс беріп көрді. Шынымен де ҚҚС қазақстандық 12% емес, ресейлік 20% екенін көрген соң, Бакальчукті одан әрі байыта бермеу үшін тапсырыстан бас тартты...

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации