Карта, ақша және Антикор. Тергеуші ұры ма?

26 қазан, 15:37

Фото: nege.kz

«Антикордың Алматы қалалық департаментінің тергеушісі «Ж» айғақ заттар сақталатын бөлмеден 300 мың доллар мен 100 мың долларлық әшекей бұйымдарды ұрлап, «Tenissi» букмекерлік конторасына ұтқызып жіберген. Айғақ заттардың бір бөлігі қайтарылмаған...».

Тұрақты оқырмандарымыздың бірінен жеткен бұл ақпарға алғашқыда сенбедік. Қалай сонда? Күдіктіден тәркіленген айғақ заттардың бәрінің есебі бар емес пе?! Кінәсіздік презумпциясына салсаңыз, сот үкімі шықпай ешкім қылмыскер емес. Тіпті күдікті сотта ақталуы да мүмкін. Ендеше, айғақ заттардың бір тиыны да шашау шықпай, мұқият сақталуы керек қой. Жалпы, тергеушінің өзі осындай әрекетке барады деген ой ақылға қонымды ма?

Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Жатқамбайұлы Шпекбаевқа редакция атынан ресми сауал жолдағанбыз. Сауалымызға төрағаның бірінші орынбасары Олжас Бектенов жауап берді.

«ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Сіздің агенттіктің Алматы қаласы бойынша департаментінің тергеушісіне қатысты ақпарат беру туралы ресми сауалыңызды қарастырып, келесіні хабарлайды.

ҚР Қылмыстық процесуалдық кодекстің 201-бабының 1-тармағына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария ету рұқсат етілмеген. Деректер, егер тергеп-тексеру мүдделеріне қайшы келмесе және басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға байланысты болмаса, прокурордың рұқсатымен қандай көлемде жария ету мүмкін деп танылса, сол көлемде жария етілуі мүмкін.

Осыған орай, тергеу мүддесіне байланысты аталған іс бойынша ақпарат жария етілмейді».

Антикордан әлгіндей сырғытпа жауап келерін сезіп, Алматы қаласының прокуроры Берік Қуанышбекұлы Жүйріктаевқа да сауал жолдағанбыз. Алайда, ресми сауал жолданғалы үш аптадан асса да, заңдылықты қадағалаушы органның өзі БАҚ туралы заңды белден басып, жауап бермей отыр.

Б.Жүйріктаев

Антикор басшылары нақты жауап бермесе де, ресми сауалда көрсетілген деректі жоққа шығарған жоқ. Мұның нақты жауабын беруі тиіс орган прокуратура – үнсіз.

Тілшіміз «Tenessi» букмекерлік конторасына хабарласқан. Букмекерлердің жауабы төмендегідей болды:

«Біз клиенттеріміз жайлы, олардың қанша ақша тіккені туралы ақпаратты тарата алмаймыз. Заң бойынша солай. Басшылық та клиентеріміз туралы артық мәлімет бере алмайды».

Осылайша, букмекерлік контора – заң талабына, антикор – прокуратураға сілтеді. Ал прокуратура НЕГЕ үнсіз? «Қандай көлемде жария етеміз» деп бас қатырып жатыр ма, әлде бұл іс туралы айтылмауына әлдекімдер мүдделі ме?

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации