Қанат Ескендір

21.12.19 Зеленский тағы да күлкі мен сынға қалды

Украинаның президенттік сайлауында жеңіп, Зеленскиді президент тағына отырғызған «Слуга народа» партиясының халық депутаты Елена Мошенец өз партияластарымен бірге тойлаған жаңажылдық кештің суреттерін әлеуметтік парақшасында жария етті. Алматы, NEGE. Newsone телеарнасының хабарлауынша, украиналық шенділердің жаңажылдық сауық кеші 20 желтоқсан күні «Парковый» ойын-сауық орталығында, қайырымдылық кеш ретінде өткізілген. Мошенец өз парақшасында «2020 жыл бізге қуат әкелсін!» деп жазып, ұрандағысы келгенімен, әлеуметтік желі қолданушылары оны қатаң сынның астына алды. Осы суреттер интернетке шыға салысымен, украиналықтар «Сіздерге жақсы көңіл-күй әкелсін, алдағы жыл. Ұялмаңыздар. Жеңілтектер заманын артқа тастау үшін күш-қуатты Украинаға берсін», «Бұлар нені тойлап жатыр? Кедейлік дәуірінің біткенін бе?», «Оба жайлаған кездегі ойын-сауық!» деп жазуда.

21.12.19 Ақтөбеде үлкен жол апаты болды

Ақтөбе облысы арқылы өтетін халықаралық тасжолда 11 көлік қақтығысып, 8 адам зардап шекті», – деп хабарлайды ҚазТАГ агенттігі. Алматы, NEGE. 21 желтоқсан күні халықаралық «Самара-Шымкент» тасжолының 859 шақырымында 11 мәшине соқтығысты. Mercedes-Benz көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, «ВАЗ-2115» жеңіл көлігімен бетпе-бет соғылысқан. Жол апатынан зардап шеккен қос көліктегі 8 адам түрлі дене жарақаттарымен жедел түрде Хромтау аудандық ауруханасына жеткізілді. Осы оқиғадан кейін Хромтау қаласы бағытынан келе жатқан Volvo ауыр жүк көлігі жол жиегінде тұрған тоғыз мәшинені барып соққан. Жараланғандар жоқ. Ақтөбе облыстық полиция департаменті бұл кезде жолдың осы бөлігінде барлық типтегі көліктерге жолдың жабылғандығы ескертілгенін жеткізуде.

21.12.19 Тікұшақтан тасталған джип кімдікі?

Ресейлік Игорь Мороз деген блогер өзінің қымбат тұратын Mercedes Gelandewagen көлігін тікұшақтан лақтырып жіберді. Не үшін бұлай істегені жөнінде Мороз бүгін РЕН ТВ арнасында айтты. Алматы, NEGE. Кеше әлеуметтік желіде Карелияның аэропортында Ми-8 тікұшағынан лақтырылып жіберген джип мәшинесі жайлы қызу талқы болды. Оны істеген екі мәскеуліктің бірі Игорь Мороз деген блогер екен. Бұл оқиға жөнінде Ресей ішкі істер министрлігінің көліктік бақылау басқармасы іс қозғап, оқиғаға қатысушыларды анықтаған. Белгілі болғанындай, аспаннан джип құламас бұрын екі жас жігіт әуежай қызметкерлеріне 250 мың рубль ақша төлеген. «Бұл мәшине маған үнемі қиыншылықтар тудыра берді. Әсіресе, жөндеуге кететін ақысында қисап жоқ. Қысты күні жылы жерде тұрып оталмай қалатын ауруы бар. Әбден сансыратқан көліктен тып-тыныш құтылғым келмеген соң, осылай жасадым», – дейді блогер. Көлігін көктен тастау үшін блогер екі ай дайындалыпты. Өз әрекетін бұл жігіт «аудиториясын таң қалдыру» мақсатында жасағанын да жасырмай отыр.

21.12.19 Ескерткіш

Ауылдың орталық көшесіндегі «Сыра дүкенінің» жанында ескерткіш пайда болды. Екі қолды мықынға қойып, дамбалшаң жымиып тұрған жартылай жалаңаш еркектің сап-сары саз балшықтан сомдалған мүсіні. Бұл ауыл сырт көзге шағын көрінгенімен, ірі-ірі қоғам қайраткерлері шыққан, белгілі саясаткерлерді туғызған құтты мекен. Басқаны білмейміз, бұл ауылдың өзгеге ұқсамайтын өз заңы, өз ережесі бар. Сондықтан да кей кезде осындай тосын жаңалықтар болып тұрады. Орталық көшедегі «Сыра дүкенінде» кейде сатып алуға тұрарлық зат болмай қалуы мүмкін. Алайда, қысы-жазы сыра үзілген емес. Сол себепті де ел оны «Сыра дүкені» атап кеткен. Ал енді, осындай мәртебелі жерге мүсін қоюдың өзі көп нәрсені аңғартса керек. *** Ауыл әкімі жұмысына бара жатып, мәшиненің терезесінен ескерткішті байқап қалды. Кабинетіне кіре сала ауданның архитекторын өзіне шақырып алып, әжептәуір шүйлікті. – Орталық көшедегі ескерткіш қайдан пайда болды? – Білмедім, басеке... – Басқа-басқа, архитектор сенің білмеуің қалай? – ?.. «Ақыры ескерткіш пайда болған екен, оны енді алып тастауға болмайды. Ел көріп қойды» деп шешті әкім. Тым құрыса халықты жинап, неге салтанатты түрде лентасын қимасқа? Түске дейін ескерткіштің «авторын» таппай келген архитектор әкімнің алдында дағдарып отыр. Әкім «не істемек керек?» деп ойланып отыр. Архитектор «не істер екен?» деп ойлап отыр. Басшы сөз бастады. – Осыны әкеліп қойған кісісі табылмаса, неге біз оны «Құдайдың сыйы» деп жарияламаймыз? – Тауып кеттіңіз, басеке! Өте дұрыс айтасыз! Ұлыларды тудырған ұлы ауылға – ұлы мәртебелі Құдайдың сыйы! – Онда құдайтектес біреудің атымен атап, ескерткіштің астына арнайы тақта ілдіріңдер! – Құп болады, басеке!.. *** Архитектор мықшыңдап «Гермес» деген жазуы бар тақтаны ескерткіштің тұсына қадап жатыр. Мықынын таянған дамбалшаң ескерткішке мықынын таянып әкім қарап тұр. Оларға ауылдың сыйлы ақсақалы келіп қосылды. Аман-сәлемнен соң, ақсақал сөз бастады. – Мыналарың кім, тағы да? – Кімі қалай, бұл – Гермес қой?! – Оның кім еді соншама?.. – Гермес – грек аңызындағы Құдайдың шабарманы! Бұл - әкімнің сөзі. Бастығына жағынып қалайын деп әрі білімдар көрінейін деп архитектор да сөзге араласты. – Гермес – тек Құдайдың шабарманы ғана емес.., саудагерлердің, жолаушылар мен ұры-қарылардың пірі!.. Шалдың сақалы шошаңдап кетті. – Кермес-сермес дегенді қайдан шығардыңдар? Қай ауылдың пәлесі ол?.. – Ақсақал, көне грек заманында Құдайлар адамдарға, өздері қалаған ауылдарға осындай сый-сияпат жасайды екен. Мына ескерткіш те көктен түскендей кеше ғана пайда болып, ауылымыздың құт-берекесін... – Тәйт әрі! Бұл – текіректінің ауылы, текіректінің жері! Қай-қайдағы қаңғыбас оралмандарыңа ескерткіш қоятын жер емес! Аулаққа апарып лақтырып тастаңдар мына бәлелеріңді... – Ақсақал, мәдениетті сыйласаңызшы. Еуропа мен Азияны аузымызға қаратып отырып, әлемдік мәдениеттің белгісін қалай ғана лақтырамыз?!. – Әй, мен сендерге айттым ғой, көзін құртыңдар мына бәлені, ыржитпай! Сендер білесіңдер ме, менің баламның кім болып істейтінін?!. Әкім мен архитектор жым болды. Расында, шалдың баласы әкімді ескерткішімен қосып мәдениет-әдебиетіне қарамастан шоңқайтып тастайтындай күшті қызметте еді... *** Осы әңгімеден кейін ауыл халқы екіге жарылды. Бірі – ескерткіштің көзін жоюға мүдделі «жершіл» текректілер де, екінші топ – мәдени мұраны қолдаушы «жаңашыл» текіректілер болып. «Герместің» маңы ығы-жығы халыққа толды да кетті. Күнде митинг, күнде сайыс. Екі тәуліктен кейін ел көшеге плакаттар мен ұрандар ұстамаса, шыға алмайтын халге жетті. Қаладан журналистер келіп хабарға түсірді. Артынша бір автобус оппозиция өкілдері, олардың артын ала бере екі автобус полицейлер келді. Орталық көшеде өмір қызды. Сыра шелегімен емес, бөшкесімен сатылды. Екіге жарылған ел облыс басшылығын былай қойып, тұп-тура үкімет үйіне хат жазғалы жатқанда ескерткіштің «авторы» табылды. Сол ауылдың ішкілікке салынып кеткен өнер «қайраткері» - мүсінші Пәнзу екен. Ол байғұс суға батып өлген әкесінің басына белгі қоймақ болып осы ескерткішті жасаса керек. Кісі бойы мүсінді «Сыра дүкеніне» дейін көтеріп келген де, сол жерде аздап ұрттағаннан соң, бір ай тоқтаусыз ішетін әдетімен «арақ қуып» кеткен. Ішкіліктен әбден айыққан кезінде екі дай болып керісіп жатқан ауылдас ағайындарын елең етпестен ескерткішті алды да, әкесінің зиратының басына апарып орнатып қойды. Жәй ғана орната салған жоқ, біреу-міреу алып кетпесін дегендей ескерткішті ортан белінен жерге көміп тастады. Қызық! Суға батып өлген кісінің басында жерден шығып келе жатқан адамның мүсіні пайда болды. *** Орталық көшесінде «Сыра дүкені» бар ауыл көп ұзамай қайтадан бұйығы өміріне көшті. Ешқандай да талас-керіс болмағандай. Мүсінші Пәнзу де баяғысынша ішіп жүр. Енді ауыл өміріне қозғалыс әкелетін өнер туындысын өмірге қайта әкеле алмайтындай... Қанат ЕСКЕНДІР.

21.12.19 Жаңа елшілер тағайындалды

«Қазақстанның Словакия, Эстония, Жаңа Зеландия, Камбоджо және Лаостағы елшілері тағайындалды», – деп хабарлайды Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.

21.12.19 «Барселона» жұлдызы қазақша сөйледі

«Аяқсыз туылған қазақстандық Әли Тұрғанбеков Катарда әлемдік футболдың жұлдыздарымен кездесті», – деп жазады Қазинформ сайты. Алматы, NEGE. Әли FIFA өкілі Насер әл-Хатерден Катарда өтетін салтанатты шараға шақырту алған. Осы сапар барысында Әли ФИФА клубтық әлем чемпионатының жартылай финалында кездескен Ливерпуль мен Монтерей командалары арасындағы ойынды тамашалап, әлемге әйгілі Кафу, Хулио Сезар, Бебето және Хавилармен кездесті. Әли Тұрғанбеков өзінің Instagram парақшасында испандық атақты футболшы Хавидің өзін «Алға, Қазақстан!» деп қазақша қарсы алған видеосын жариялады.

21.12.19 Қазақ-түрік әскери әріптестігі мақұлданды

«Қазақстан республикасы Түркиямен арадағы әскери әріптестікті қолдайтын келісімді ратификациялады», – деп мәлімдейді Ақорда баспасөз қызметі. Астана, NEGE. «Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының «Қазақстан Үкіметі мен Түркия Үкіметі арасындағы әскери әріптестік жөніндегі Келісімді ратификациялау» Заңына қол қойды», – деп жазады президенттің баспасөз қызметі өзінің сенбілік хабарламасында.

21.12.19 Өз қызын өлтірсе де, сотталмай ма?

Тергеу ісі сол күні шешесі мен қызының үйде болғанын, олар бірлесіп үй тапсырмасын орындағанын және қызына ашуланған жас шеше оны буындырып өлтіріп қойғанын анықтады.